Таразда Абай даңғылы бойында теміржолдың арғы бетіндегі тұрғын алаптарды қаланың орталығымен байланыстыратын жаңа көпір салынуда. Маңызды инфрақұрылымдық жоба көлік қозғалысын оңтайландырып, облыс орталығының шеткері бөлігін дамытуға серпін бермек.

Ұзындығы 0,946 шақырым болатын жаңа көпір тәулігіне 80 мыңға дейін автокөлікті өткізуге есептелген. Ол қаланың орталық бөлігін жұртшылық арасында «теміржолдың арғы жағы» деп аталатын аумақтағы тұрғын алаптармен байланыстырады.

Ауқымды жоба жүзеге асқан соң қала ішіндегі көлік қатынасы жақсарып, орталық пен шеткері аудандар арасындағы байланыс нығаяды. Сонымен қатар көлік ағынының жүктемесі азайып, Абай даңғылы бойындағы теміржол өткелінде жиі болатын кептеліс мәселесін шешуге мүмкіндік туады.

Жоба теміржолға байланысты көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан тағы бір мәселені де жоюға тиіс. Қазір мыңдаған жүргізуші теміржол желісін айналып өту үшін бірнеше шақырым жол жүруге мәжбүр. Көпір құрылысы аяқталғаннан кейін ұзындығы 2,5 шақырымнан асатын айналма жолдың қажеттілігі жойылады.

Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Абай даңғылы бойындағы көпір маңында оған жалғасатын жолдар жөнделуде.

Тараз қаласы әкімдігінің мәліметінше, құрылыс аумағын абаттандыру және инженерлік инфрақұрылымды талапқа сай ретке келтіру жұмыстары сараптамадан өткен жобаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Жоба қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен аудан әкімдігі тарапынан «Жібек жолы» ауданының тұрғындарына таныстырылған. Талқылау қорытындысы бойынша тұрғындар жобаны қолдаған.

Жобалық шешімдер мен тұрғындардың келісімі ескеріле отырып, су бұру жүйесінің жұмысын қамтамасыз ететін науалар орнатылып, жаяу жүргіншілер аймақтары абаттандырылып, жол жиектері қырлы таспен көмкеріліп жатыр. Барлық жұмыс кезең-кезеңімен, белгіленген нормативтік талаптарға сай атқарылуда. Жұмыстың сапасы мен жобалық шешімдерге сәйкестігін тиісті сала мамандары бақылауда ұстап отыр.

***

Тарихи тұрғыдан Тараз аумағы арқылы Алматы – Ташкент халықаралық және республикалық маңызы бар автожолы, сондай-ақ қаланы екіге бөліп жатқан магистральдық теміржол өтеді. Ал тұрғындар арасында «теміржолдың арғы жағы» аталып кеткен қаланың оңтүстік бөлігі көлік қатынасының жеткіліксіздігі салдарынан инфрақұрылымдық даму жағынан кейін қалып отыр.

Оңтүстік Қазақстанның ірі көлік дәліздері тоғысқан, халқы жарты миллионға жуық Таразда автокөлік қозғалысының қарқындылығы артып келеді. Бұл мәселені шешу үшін облыс орталығын дамыту жөніндегі жол картасына бірқатар жоба енгізілген.

Жібек жолы көшесіндегі жол өткелі мен Байзақ батыр көшесіндегі көпір қаланың орталығын теміржолдың арғы жағындағы тұрғын алаптармен байланыстыратын көлік ағыны үшін жеткіліксіз болып отыр. Осыған байланысты қаланың орталығын теміржолдан әрі орналасқан тұрғын алаптармен жалғайтын жаңа автомобиль көпірін салу жобасы қолға алынды.

Categories:

Tags:

No responses yet