Облыс орталығының көлік инфрақұрылымын дамыту және қалалық ортаның сапасын арттыру жергілікті биліктің басты назарында.

Тараз қаласындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 888 шақырымды құрайды. Облыс орталығында 1 700-ден астам көше бар.

Қала көшелеріндегі жолдардың сапасы мен жай-күйі жыл сайын жақсарып келеді. Бүгінде көшелердің шамамен 71,5%-на асфальт төселген. Бұл – 900-ден астам көше.

Сонымен қатар қалада қиыршық тас төселген және топырақ жолдар да бар. Олардың басым бөлігі қалаға қосылған 14 қала маңы елді мекенінде және шеткері тұрғын алаптарда орналасқан. Осыған байланысты облыс орталығындағы көшелердің 30%-ы, яғни шамамен 500 көше әлі де асфальтталмаған, қиыршық тас төселген күйінде қалып отыр. Бұл мәселенің де біртіндеп шешімін табуы уақыт еншісіндегі іс.

Жалпы, Тараз қаласының көше-жол желісінің сапасы бойынша жолдардың шамамен 89%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда деп бағаланады.

Жол желілерін жаңғырту

Жол инфрақұрылымын жаңғырту жобасы аясында соңғы төрт жылда Тараз қаласының жолдарын жақсартуға шамамен 18,5 млрд теңге бағытталды. Жол инфрақұрылымын кешенді жаңғырту жоспары бірнеше жылға есептелген.

2023 жылы жалпы ұзындығы 87,5 шақырымды құрайтын 147 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Ташкент және Мәмбет батыр көшелері сияқты ірі магистральдар қайта жаңғыртылды. 2024 жылы жалпы ұзындығы 86,7 шақырым болатын 120 көше жөнделді. Олардың қатарында Саңырақ батыр және Шостакович көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары да бар.

2025–2026 жылдары жыл сайын 60–100-ден астам көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Сонымен қатар қаланың шеткері аумақтары мен жаңа тұрғын алаптарындағы асфальт төселмеген ондаған көшеге кезең-кезеңімен қиыршық тас төселіп, асфальт жабындысы жаңартылуда. Бұдан бөлек, Айша бибі көшесіндегі жол өткелі мен Тараз қаласының оңтүстік айналма жолы сияқты ірі инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, осы кезеңде қалада ауқымды жол жөндеу жұмыстары атқарылды. Жалпы ұзындығы 279,5 шақырым болатын 474 көшеге асфальт төселді. «Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын алаптары мен 28 саяжай алқабындағы 320 көшеде қиыршық тас жолдар салынды. Сондай-ақ «Бурыл А, Б, В» және «Барысхан» тұрғын алаптарындағы 99 көше асфальтталды. Бұл тұрғындар үшін үлкен қуаныш болды.

Ұзындығы 3,1 шақырым болатын Қолбасшы Қойгелді көшесі учаскесін толық қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін көлік ағынын қайта бөлуге, жолдың өткізу қабілетін арттыруға, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Жамбыл даңғылына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік туды.

Асқаров көшесінің Ғазиз Байтасов көшесінен айналма жол айрығына дейінгі 5,2 шақырымдық учаскесін кеңейту де қала инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі саналады.

«Шапағат» шағынауданында құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруіне және көлік жүктемесінің артуына байланысты жолдың жүру бөлігінің ені 12 метрге дейін кеңейтіледі. Төрт жолақты қозғалыс магистральдың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Соңғы үш жылда Тараздағы қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 58,4%-дан 71,5%-ға дейін өсті. Қаладағы жаяу жүргіншілер жолдары да жаңартылып жатыр. 2026 жылғы жоспарға сәйкес, жалпы ұзындығы 34,7 шақырым болатын 42 көшеде 14,8 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу көзделген.

Бұл ретте жол жабынының сапасы мен ұзақ мерзімділігін арттыруға ерекше назар аударылады.

2026 жылға арналған бекітілген жоспар аясында Тараз қаласындағы жалпы ұзындығы 34,7 шақырым болатын 42 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта бірқатар нысанда жұмыс аяқталған.

«Арайстроймаркет-2003» ЖШС жүргізген Рысбек батыр көшесіндегі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Сондай-ақ мердігері «Арайстрой-GROUP» ЖШС болған Қойгелді көшесіндегі жөндеу жұмыстары да тәмамдалды. «Ұлы Дала» шағынауданында орамішілік жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жөнделіп жатқан учаскелердің жалпы ұзындығы – 2,95 шақырым. Жұмыстарды «Жамбыл ДорМостСтрой-Сервис» ЖШС атқаруда.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қала көшелерін аралау барысында бірқатар учаскедегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, жұмыстардың сапасы мен бекітілген мерзімдердің сақталуына баса назар аударуда.

Мәселен, Қолбасшы Қойгелді көшесінің Төле би даңғылынан Қапал көшесіне дейінгі учаскесін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жөнделіп жатқан бөліктің жалпы ұзындығы – 3,2 шақырым. Сондай-ақ Ә. Қомратов көшесінің Ташкент көшесінен Байзақ батыр көшесіне дейінгі ұзындығы 1,18 шақырым учаскесінде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Қ. Тұрысов көшесінің Рысқұлов көшесі мен Төле би даңғылы арасындағы 1,12 шақырымдық учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары аясында жолдың жүру бөлігі мен жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылады. Ал «Тараз-көлік жолы» ЖШС Әл-Фараби көшесінің Шостакович көшесінен Төле би көшесіне дейінгі ұзындығы 3,14 шақырым учаскесінде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде жол таңбалары сызылады. Құрылысшылар іргелес аумақтарды толық тазалап, абаттандыру жұмыстарын қалпына келтіруге міндетті. Жауапты қызметтерге бұл мәселелерді тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

Жөндеу жұмыстары жол жабынының жай-күйін жақсартуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ көлік қозғалысына қатысушылар мен қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Categories:

Tags:

No responses yet