Жаңа нысан индустриялық аймақта жүзеге асырылып жатқан 12 инвестициялық жобаны электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Олардың жалпы құны 235,6 млрд теңгені құрайды.

«Тараз» индустриялық аймағында салынып жатқан жаңа электр станциясы өңірдегі өндірістік нысандарды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге тиіс. Жобаны іске асыру нәтижесінде жалпы құны 235,6 млрд теңге болатын 12 инвестициялық жобаны жаңа энергия көзіне қосу жоспарланған.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев құрылыс алаңына барып, электр станциясын салу жұмыстарының барысымен танысты.

Нысанның құрылысын «АСПМК-519» серіктестігі жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарының 60 пайызы аяқталған. Электр станциясына қажетті жабдықтар толық жеткізілген.

Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына баса мән беріп, олардың жобалық талаптарға сай орындалуын тапсырды. Сонымен қатар жұмысшылар санын көбейтіп, құрылыс қарқынын жеделдетуді және нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді міндеттеді.

Жаңа электр станциясын 2026 жылғы 15 желтоқсанға дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, бүгінде «Тараз» индустриялық аймағында жалпы құны 303 млрд теңге болатын 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың іске қосылуы нәтижесінде 2 659 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Жалпы, Жамбыл облысындағы инженерлік инфрақұрылым тартылған индустриялық аймақтардың аумағы 276 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта оның 87,5 пайызы игерілген.

Жамбыл облысында жылу электр станциялары мен жаңартылатын энергия көздері жұмыс істейді.

Өңірдегі ең көне энергетикалық нысандардың бірі – Тараз қаласында орналасқан Т. И. Батуров атындағы Жамбыл мемлекеттік аудандық электр станциясы. Оның белгіленген қуаты 1 230 МВт болғанымен, қазіргі уақытта бір энергоблокпен шамамен 120 МВт қуат өндіреді. Негізгі отын ретінде газ, ал резервтік отын ретінде мазут пайдаланылады.

Бұдан бөлек, облыста жаңартылатын энергия көздерінің жалпы белгіленген қуаты 571,3 МВт болатын 22 нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде:

• Жел электр станциялары – жалпы қуаты 275,6 МВт болатын 10 нысан;

• Күн электр станциялары – жалпы қуаты 251,2 МВт болатын 6 нысан;

• Су электр станциялары – жалпы қуаты 24,4 МВт болатын 6 нысан.

Қазір облыста салынып жатқан энергетикалық нысандардың қатарында «Тараз» индустриялық аймағындағы қуаты 45 МВт электр станциясы бар. Сонымен қатар Сарысу ауданында жаңа ірі жел электр станцияларын салу жоспарланған.

Categories:

Tags:

No responses yet