«Тараз» индустриялық аймағы кәсіпкерлерге бизнес-идеяларын жүзеге асыруға кең мүмкіндік береді. Қазір мұнда жылына 70 млн дана өнім шығаруға қауқарлы азық-түлік қаптамасының әртүрлі түрлерін өндіру жобасы іске қосылуда.

«Жамбылполимер» жергілікті серіктестігі жүзеге асырып жатқан жобаның құны – 400 млн теңге. Жоба аясында көбіктендірілген полистиролдан азық-түлікке арналған қаптама өндіретін жаңа мамандандырылған кәсіпорын іске қосылуда.

Кәсіпорын жыл сайын ланч-бокстарды, тауық етін өлшеп-орауға арналған науаларды және басқа да өнімдерді қамтитын сегіз түрлі қаптаманың 70 млн данасын шығаруға қауқарлы. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 20-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

Қазір кәсіпорын өндірісті іске қосу кезеңінде. Қажетті жабдықтар орнатылып, монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар алғашқы тапсырыстар қабылданып, әлеуетті тұтынушылармен келіссөздер жүргізілуде. Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және оқыту жұмыстары да қатар атқарылып жатыр.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Тараз» индустриялық аймағында болып, «Жамбылполимер» ЖШС-нің азық-түлік қаптамасын өндіру жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты.

Өңір басшысы кәсіпорынның толық өндірістік қуатына шығуы, тұрақты тапсырыстармен қамтамасыз етілуі және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту қажеттігін атап өтті.

Кездесу барысында «Жамбылполимер» ЖШС-нің негізін қалаушы Абзал Мырзатайұлы жобаның жүзеге асуына мемлекеттік қолдау шаралары ықпал еткенін айтты. Кәсіпкер инвестициялық жобаларды іске асыруға қажетті инфрақұрылымның «Тараз» индустриялық аймағында жақсы жолға қойылғанын да атап өтті.

– Мұнда кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалған. Егер жобаны жүзеге асыру үшін ғимаратты өзіміз салуға кіріссек, оған кемінде он жыл қажет болар еді. Индустриялық аймақ – өте тиімді шешім. Мұнда толыққанды жұмыс істеуге қажетті жағдайдың бәрі бар. Жабдықтарды әкеліп, бірден іске кірісуге болады, – деді кәсіпкер.

***

Қазақстанда қаптама өнеркәсібі белсенді дамып келеді. Саланың нарықтық көлемі 180–225 млрд теңгеге бағаланады.

Пластик және икемді полимер қаптамалар бүгінде қаптама нарығының ең ірі сегментін құрайды. Бұл сегмент отандық тамақ өнеркәсібі мен тұрмыстық химия өндірісінің қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Тамақ өнеркәсібі – қаптама өнімдерінің негізгі тапсырыс берушісі.

Қазақстандағы икемді полимер қаптамасы нарығының көлемі жылына 174 мың тонна бастапқы полимерге жеткен. Қаптама үлдірінің өндірісі жылына 1,2 млрд шаршы метрден асады, ал контейнерлерді қоса алғанда, қатты пластик ыдыстардың өндірісі шамамен 850 млн дананы құрайды.

Қазір экологиялық таза қаптама ретінде қағаз бен картоннан жасалған өнімдерге де сұраныс жоғары. Қазақстанда жыл сайын 100 мың тоннадан астам гофрленген қағаз бен картон, сондай-ақ 12,4 мың тонна қағаз қаптар мен пакеттер өндіріледі.

Алдағы уақытта Қазақстанда жаңа өндірістік жобаларды іске қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында жылына 2 млрд дана алюминий банка мен қақпақ өндіру, сұйық өнімдерге арналған Pure-Pak қаптамасын жылына 324 млн дана көлемінде шығару және жылына сүт өнімдеріне арналған 240 млн дана полипропилен стақандарын өндіру жобалары бар.

Барлық жаңа жобалар толық өндірістік қуатына шыққан жағдайда, қаптама өндірісінің ақшалай көлемі шамамен тағы 100 млрд теңгеге ұлғаяды. Өндірілетін өнімнің төрттен бірін көршілес елдерге экспорттау жоспарланып отыр.

***

Тараз қаласы мен Жамбыл облысындағы қаптама өндірісінің көлемі әзірге Алматы мен Шымкент сияқты ірі индустриялық орталықтардан айтарлықтай төмен. Дегенмен, бұл сектор өңір экономикасында ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың біріне айналып отыр. Жергілікті өндіріс орындарының қуаты ондаған миллион дана дайын қаптама бұйымымен және мыңдаған тонна полимер материалдарымен өлшенеді.

«Тараз» индустриялық аймағында «Жамбылполимер» ЖШС шығаратын полимерден жасалған азық-түлік қаптамасы мен ланч-бокстардан бөлек, өңірде қаптама өнімдерінің басқа да түрлері өндіріледі.

Мәселен, «Полиэтилен-Агро» ЖШС қаптауға арналған үлдірлер мен икемді материалдар шығарады. Зауыт агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өндірісінің жұмсақ қаптамаға деген сұранысының едәуір бөлігін қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта облыста полиэтилен, термоотыратын және стрейч-үлдірлер өндіру қуаты жылына 2–3 мың тоннаға дейін жетеді.

Ал картон қораптар мен экологиялық қаптамаларды PrintPack және Kartonka.taraz сияқты кәсіпорындар шығарады. Олар жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерінің, соның ішінде дәмханалардың, кондитерлік дүкендердің және суши-барлардың қажеттілігін өтейді.

Өңірде крафт-қағаз бен картоннан жасалған қаптама өндірісінің жалпы көлемі жылына шамамен 1,5–2 млн данаға бағаланады. Мұнда экологиялық талаптарға сай, брендтік белгісі бар қаптамалар, кондитерлік өнімдер мен азық-түлікке арналған тапсырыстық қораптар шығарылады.

Өндіріс негізінен орташа көлемдегі тапсырыстарға бағытталған. Кәсіпорындар көбіне Жамбыл облысының ішкі нарығына қызмет көрсетіп, тапсырыс берушілердің талаптарына сәйкес брендтік қаптамалар әзірлейді.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта Тараздағы жеңіл және өңдеу өнеркәсібі өндіріс ауқымын кеңейтіп келеді. «Тараз» индустриялық аймағы мен «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағын дамыту аясында 40 мың шаршы метр жаңа өндірістік алаң пайдалануға берілген. Бұл жергілікті қаптама өндірушілеріне ескі ғимараттарды жалға алудан бас тартуға, логистиканы оңтайландыруға және жаңа құрылысқа қомақты қаражат жұмсамай-ақ өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазір «Тараз» индустриялық аймағында жалпы құны 303 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар іске қосылғанда 2 659 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Categories:

Tags:

No responses yet