Жамбыл облысында соңғы жылдары қант қызылшасын өңдеу мәселесі өзекті болып келді. Тараздағы ең көне қант зауыты жаңғырту жұмыстарына байланысты тоқтап, ал Меркі қант зауыты диқандар өсірген өнімнің барлығын бірдей қабылдай алмады. Тараз қант зауытын жаңғырту жұмыстарының аяқталу барысы және оның қандай мәселелерді шешуге мүмкіндік беретіні туралы «СЭР» журналының материалынан оқыңыз.
Соңғы жылдары Жамбыл облысындағы қант зауыттарында қант қызылшасын тапсыруға келген шаруалардың ұзын-сонар кезегі жиі қалыптасады. Диқандар жиналған өнімді мүмкіндігінше тез өткізуге асығады. Себебі ұзақ сақталған қант қызылшасы тауарлық сапасы мен қанттылығын жоғалтады. Мұндай жағдайда зауыттар шикізатты қабылдаудан бас тартуы немесе сатып алу бағасын төмендетуі мүмкін. Бұл шаруалар үшін тиімсіз.
Қалыпты жұмыс істеп тұрған Меркі қант зауытының ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу қуаты жылына 250 мың тоннаны құрайды. Алайда кәсіпорын жамбылдық диқандар өсірген қант қызылшасының көлемін өңдеуге көбіне қауқарсыз.
Бұған дейін «Эк-Спорт» порталы хабарлағандай, 2024 жылы қант қызылшасы рекордтық 650 мың тонна өнім жиналды. Сол жылы тәтті түбір 11,2 мың гектар алқапқа егіліп, әр гектардан орта есеппен 650 центнерден өнім алынды. Шаруаларға өнім өткізуге көмектесу үшін Жамбыл облысы мен Жетісу облысының әкімдіктері жиналған қант қызылшасының бір бөлігін Ақсу қант зауытында да өңдеуге жіберу жөнінде келісімге келді.
Биыл Жамбыл облысында жиналған қант қызылшасын өңірдегі екі қант зауытында өңдеу жоспарланып отыр. Тараз қант зауыты 25 жылда алғаш рет қайта жаңғыртудан кейін 200 мың тонна қант қызылшасын қабылдай алады. 2001 жылдан бері кәсіпорында қант қызылшасы өңделмей, негізінен қант қамысының шикізаты пайдаланылып келді.
2025 жылы отандық қант қызылшасын өңдеуді қайта жандандыру және өндірістік қуатты арттыру мақсатында зауытты жаңғырту жұмыстары басталды. Жобаның инвестициялық құны – 12,4 млрд теңге. Қазіргі уақытта кәсіпорынды іске қосуға дайындау жұмыстарының 95%-ы орындалған. Қалған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау үшін зауыттың өз қызметкерлері мен 10 мердігер ұйымның мыңға жуық маманы екі ауысыммен еңбек етіп жатыр.
Мемлекет тарапынан кәсіпорынға қажетті жер учаскелерін рәсімдеуге, сондай-ақ газ және электр энергиясымен қамтамасыз ету көлемін ұлғайтуға қолдау көрсетілді.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Тараз» қант зауытындағы жаңғырту жұмыстарының барысымен танысып, кәсіпорынның іске қосылуға дайындығын тексерді.
– Жұмыс қарқыны жаман емес. Заманауи жабдықтар жеткізілді. Биыл қант қызылшасының түсімі мол. Енді бірде-бір өнім алқапта қалып қоймауға тиіс. Шаруашылықтардың өнімін бекітілген кестеге сәйкес уақытылы қабылдау қажет. Кезек болмауы керек. Бекітілген кестені шаруаларға алдын ала жеткізу қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жоба іске асқаннан кейін кәсіпорын тәулігіне 3 мың тоннаға дейін, ал жылына 300 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдей алады. Алдағы уақытта өндірістік қуатты жылына 700 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Зауытты қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін 84 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен келісімшарт жасалған.
Тараз қант зауытында ескірген жабдықтар мен металл конструкцияларды бөлшектеу жұмыстары аяқталды. Технологиялық жабдықтар мен арнайы техниканың негізгі бөлігі жеткізілді. Қазір өндірістік инфрақұрылымды дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қант қызылшасын өңдеу кезінде пайда болатын қалдықтарды орналастыру үшін жер учаскесі бөлініп, санитариялық-қорғау аймағын абаттандыру басталды.
Кәсіпорынға барған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Тараз қант зауытын ауқымды жаңғырту жұмыстарымен, сондай-ақ өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытындағы жұмыстармен танысты.
– Бүгінде қант қызылшасын өңдеу қуаттарын қалпына келтірумен қатар, кәсіпорындарды отандық шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету міндеті тұр. Ол үшін қызылша өндірісінің көлемін ұлғайтып, өнімділікті арттыру және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайту қажет. Бұл ішкі нарықта қант өндіру көлемін арттырып, саланың тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді, – деді Айдарбек Сапаров.
Айта кетейік, 2026 жылы қант қызылшасы егілетін алқап көлемі 3,3 мың гектарға ұлғайып, жалпы 9,9 мың гектарға жетті. Оның ішінде «Тараз» қант зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үшін 94 шаруашылық 5,5 мың гектар жерге қант қызылшасын сепкен. Мамандар тәтті түбірдің болжамды түсімін 450 мың тонна көлемінде бағалап отыр.
***
Осыдан он жыл бұрын Қазақстанда қант қызылшасын субсидиялау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға өзгерістер енгізілді. Бұл түзетулер еңбек шығыны көп дақылды өсіруге шаруаларды кеңінен тартуға оң ықпал етті. Бұған дейін мемлекет субсидияны қант зауытына төлесе, өзгерістерден кейін шаруалар өнімін өңдеуші кәсіпорындарға тұрақты сатып алу бағасымен өткізе бастады.
2017 жылы жамбылдық қызылша өсірушілер егіс алқаптарын алғаш рет едәуір ұлғайтып, қант қызылшасын 9 мың гектарға екті. Сол жылы шамамен 200 мың тонна тәтті түбір жиналды. Орташа өнімділік гектарына 228 центнерді құрады. Қордай және Меркі аудандарында бұл көрсеткіш 270 центнерге жетсе, жекелеген шаруашылықтар гектарынан 1 300 центнерге дейін өнім алды.
Соңғы бес жылда Жамбыл облысындағы қант қызылшасының өнімділігі гектарына 350 центнерден аспаған.
Тарихи анықтама
Өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап Жамбыл облысында қант қызылшасы 42 мың гектардан астам алқапқа егілді. Орташа өнімділік гектарына 300 центнерге дейін жетті. Сол кезеңде қызылша өсіруден жоғары көрсеткішке қол жеткізгендердің қатарында әйгілі қызылшашы Дариға Жантохова да болды. Ол гектарына 900 центнерден өнім алған.
90-жылдардағы күрделі кезеңде жүргізілген оңтайландыру мен ірі агроқұрылымдарды тарату салдарынан өңірдегі қызылша өсірушілер тәжірибелі мамандарынан, техникасынан және осы еңбек шығыны көп дақылды өсіру технологияларынан айырылды. Соның салдарынан 2009 жылға қарай облыс шаруашылықтарындағы қант қызылшасының егіс көлемі 1,7 мың гектардан төмендеді.
Бүгінде кезінде елге қызылша өсіруші 60-тан астам Социалистік Еңбек Ері шыққан Жамбыл облысы осы құнды дақылды қайта түлетуге күш салып, қант қызылшасының бұрынғы өнімділігі мен өндіріс көлемін қалпына келтіруге ұмтылып отыр.

No responses yet