* Жоғары деңгейдегі жергіліктендірумен өндірісті дамыту

2024 жылдың қазан айында Мәскеуде өткен ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдерінің сауда-экономикалық байланыстарын тереңдету мақсатында Қазақстанда «Достастық жәрмеңкесі» атты мемлекетаралық бағдарламаны өткізу жөнінде бастама көтерді.

Мемлекет басшысы қолөнершілер мен аграршылардың қатысуымен ұйымдастырылатын алғашқы көрмені өткізу орны ретінде Тараз қаласын ұсынды.

– Бүгінде жәрмеңкелік сауда форматы барған сайын өзектілігін арттырып келеді. Осыған орай, «Достастық жәрмеңкесі» атты мемлекетаралық бағдарламаны іске қосуды ұсынамын. Бұл бағдарлама аясында ТМД елдерінің әртүрлі қалаларында Еуразия өңірінің қолөнершілері мен аграршылары қатысатын сауда шаралары жыл сайын өткізілетін болады. Алғашқы көрмені Ұлы Жібек жолының бойындағы ең көне қалалардың бірі – Таразда өткізуге дайынбыз. Бұл қала ежелден «саудагерлер қаласы» атанып келген, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстанның сыртқы сауда айналымының төрттен бір бөлігі ТМД нарығына тиесілі екенін атап өтіп.

Тараздың осындай ірі шараны өткізу үшін таңдалуы кездейсоқ емес. 2022 жылы қала өз туристік және қолөнерлік әлеуетінің арқасында Қазақстанда алғаш болып ЮНЕСКО-ның қолөнершілер қалаларының бүкіләлемдік тізіміне енді. Бұл тізімге әлемнің 25 елінен 57 қала кіреді.

Қазақстанның ең көне қаласы саналатын Тараздың тарихы екі мың жылдан асады. Осы уақыт ішінде мұнда қолөнер мен ауыл шаруашылығы тұрақты түрде дамып отырған. Орта ғасырларда Ұлы Жібек жолының бойындағы бұл қала бояулы қыш, зергерлік бұйымдар, жібек, киіз және металл өнімдерін өндіретін шеберлерімен әйгілі болған. Бұл аймақта түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары өсіріліп, үй жануарларын, тіпті жібек құртын да өсірген.

Биыл Таразда «Достастық жәрмеңкесі» мемлекетаралық бағдарламасын өткізуге дайындық жұмыстары басталды. Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы көрмесі мен қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Алдын ала мәліметтер бойынша, ТМД-ның тоғыз елінен екі мыңнан астам қолөнерші мен аграрий келеді деп күтілуде.

– Халықаралық көрмені өткізу 2026 жылға жоспарланған, және қазір бұл ауқымды іс-шараға дайындық қарқынды жүріп жатыр, – деді «СЭР» журналына берген сұхбатында Тараз қаласының әкімі Бахытжан Орынбеков. – Дайындық пен жоспарлау ТМД елдері деңгейінде жүргізілуде. Қазіргі таңда көрменің мақсаттары мен міндеттері, өткізу шарттары мен нақты мерзімдері қамтылатын ереже әзірленіп жатыр.

«Достастық жәрмеңкесі» ТМД мемлекеттерінің экономикалық интеграциясына, ортақ кедендік кеңістік пен бірыңғай нарық құруға маңызды үлес қосады. Бірақ бұл шара ең алдымен – түрлі елдер халқының дәстүрі және өмір салтымен танысуға мүмкіндік беретін мәдени байланыс алаңы. Бұл – Еуразия халықтарының арасындағы мәдени байланыс пен ортақ экономикалық-мәдени кеңістік құрудағы маңызды құрал.

Қазақстан Президентінің бастамасы – еліміздің ТМД елдерімен экономикалық байланыстарды нығайтуға, тарихи сауда жолдары мен мәдени дәстүрлерді тиімді пайдалануға ұмтылысын көрсетеді. Сонымен қатар, бұл бастама инвестиция тартуға, өңірлік сауда мен Еуразия елдері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

…Ал әзірге Таразда қонақтарды қарсы алуға қызу дайындық жүріп жатыр: қаланың инфрақұрылымы ретке келтіріліп, жолдар мен жаяу жүргінші жолдары асфальтталып, тұрғын үйлердің қасбеттері жаңартылып, саябақтар, гүлзарлар мен шағын аудандар абаттандырылуда. Көне шаһар өз қонақтарын жаңарған, көркейген және жайлы келбетінде қарсы алмақ.

Categories:

Tags:

No responses yet