*Қала құрылысы

Таразда «қызыл жолақтар» анықталды, енді оларды бұзғаны үшін жазалау қарастырылмақ. Облыс орталығының топографиялық түсірілімі бар «қызыл жолақтардың» орталықтандырылған жоспарын әзірлеуге тендер өткізілді. Енді қалада «қызыл жолақ» түсінігі нақты айқындалды.

Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы «қызыл жолақ» ұғымы туралы айтылды.

«ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес «қызыл жолақтар» — бұл орамдар, шағын аудандар аумақтарын, елді мекендердің жоспарлы құрылымындағы басқа да элементтерді көшелерден, өтпе жолдардан, алаңдардан бөліп тұратын шекаралар. «Қызыл жолақтар», әдетте, құрылыс салу шекараларын реттеу үшін қолданылады. Бұл ретте сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамада белгіленген нормалар мен талаптарды бұзғандар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершілікке тартылады.

Осындай бұзушылықтардың біріне жоспарлау және құрылыс салу кезінде белгіленген «қызыл жолақтардан» және құрылыс желілерінен ауытқу да жатады. Бұдан бөлек, коммуникация өткізу, аумақты инженерлік дайындау, абаттандыру, көгалдандыру және басқа да құрылыс түрлерін қоса алғанда, жер учаскелерін тек ҚР заңнамасына сәйкес пайдалануға болады. Бұл талап жобалау құжаттамасына, нысаналы мақсатын сақтауға, аумақты аймақтарға бөлуге, «қызыл жолақтар» мен құрылыс салуды реттеу желілеріне, құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс пен пайдалану саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларына қатысты.

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің субъектілері қызметін заңнамаға және мемлекеттік нормативтерге сәйкес жүзеге асыруға міндетті. Ғимараттар мен құрылыстарды қалалық және ауылдық елді мекендерді жоспарлау және салу жобаларына сәйкес «қызыл жолақтан» тыс, құрылыс үшін арнайы бөлінген аумақтарда орналастыруы керек.

«Қызыл жолақ» шегінде көлік инфрақұрылымына қызмет көрсетуге арналмаған ғимараттар мен құрылыстар салуға тыйым салынады. Сәулет және қала құрылысы органының келісімі бойынша көшелер мен жолдарды пайдалану жағдайын нашарлатпайтын ақпараттық сипаттағы жеңіл конструкциялардан уақытша құрылыстар салуға жол беріледі.

Елді мекендердің аумақтарын дамыту және салу негізгі қала құрылысы құжаты болып табылатын, бекітілген Бас жоспардың негізінде жүзеге асырылады. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары «қызыл», «сары» жолақтар мен құрылыс салуды реттеу жолақтарын, сондай-ақ көшелердің көлденең қырларын және т.б. белгілейді. Таразда жаңа Бас жоспар, сондай-ақ қаланың жекелеген аудандарының егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бекітілді, көшелер мен жолдардың санаттары айқындалды, жалпы қалалық және аудандық маңызы бар көшелердің «қызыл жолақтарының» параметрлері белгіленді. Жеке және заңды тұлғалардың елді мекеннің аумағында құрылыс салу үшін жер учаскелерін пайдалануы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне және жобалау құжаттамасының негізінде қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

Біздің елімізде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің қызметіне сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтары бекітілді. Тәуекел дәрежесін бағалаудың осы өлшемшарттарында «қызыл жолақты» сақтамай құрылыс салу үшін жер учаскесін пайдалану өрескел бұзушылық дәрежесі болатыны көрсетілген. «Қызыл жолақты» сақтау бойынша талаптар құрылыс салушыға қатысты сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы тексеру парақтарына енгізілген.

«СЭР» журналы өз жарияланымдарында заңсыз құрылыс, «қызыл жолақтарды» бұзу тақырыбына бірнеше рет назар аударған. Осы уақытқа дейін мұндай деректер Жамбыл облысында қалыпты жағдай болып саналды. Бұған таң қаларлық ештеңе жоқ, себебі кәсіпкерлер осы күнге дейін заңға қарсы жұмыс істеуге үйреніп қалған — алдымен нысандар салып алып, тек содан кейін ғана оларды ресімдейді. «Қызыл жолақтарға» байланысты проблемалар көптен бері талқыланып келеді.

 2019 жылы Жамбыл облысында «қызыл жолақтан» асып салынған 32 нысан анықталды, оның 20-сы Таразда. 2020 жылы өңірдегі коммерциялық кәсіпорындар құрылысының заңдылығын тексергеннен кейін 123 нысан «қызыл жолақтан» өтіп кеткені тіркеліп, нәтижесінде 85 нысан бұзылды. Жыл сайын, 2021 жылдан бастап өңірде «қызыл жолақтан» асып кеткен жүзден астам нысан, сондай-ақ құрылыс саласында құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту ережелерін бұзу фактілері анықталады. 2024 жылы «қызыл жолақ» ережесін бұзған 52 сауда дүңгіршегінің 31-і заңды, 18-і заңсыз деп танылып, бес нысан бұзылды.

Тараздағы құрылыстың ең атышулы фактілерін еске салсақ, қисынды жүйе мен жұртшылықтың наразылығына қарамастан, түрлі коммерциялық нысандар пайда болды. Атап айтқанда, 2015 жылы облыс орталығында «Талас» ықшам ауданындағы Қарасу өзенінің жағалауындағы орман саябағының аумағында ЖҚС және балабақша салу үшін тоғайдың бір бөлігі орылып тасталды. Сол кезде Тараз жұртшылығы облыс пен қала басшылығына, құқық қорғау органдарына заңсыз құрылысты тоқтатуды талап етіп, ашық хат жолдаған. Алайда, балабақшаның құрылысы доғарылмады, ал «Бином-водстрой» ЖШС мердігерлік ұйымының қызметкерлері мұнай өнімдеріне арналған резервуарлары бар автожанармай құю станциясының және операторлық бөлменің құрылысына арналған орынды тазарту үшін тоғайдағы 33 ағашты кесіп тастады. Бұл «Талас» ықшам ауданындағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің жақын орналасуына және жол бойында тағы бір ЖҚС болғанына қарамастан жүзеге асырылып жатқан құрылыс. 

Осы секілді тағы бір жарқын мысал – Абай-Петров көшелерінің бұрышындағы ғимарат, ол «қызыл жолақтан» асып, инженерлік коммуникациялардың үстіне, дәл тротуардың бойында тұрғызылған. Бір қызығы, бұл нысан бой көтеруі үшін орындықтары мен субұрқақтары бар жергілікті гүлзар жойылды. Прокуратураның ұсынысы бойынша осындай фактіге жол берген бірнеше шенеунік жазаға тартылды. Бірақ нысанды бұзу ешкімнің ойына келмеді. 

Орамдардың, шағын аудандардың аумақтарын, елді мекендердің жоспарлау құрылымындағы өзге де элементтерді көшелерден, өтпе жолдардан, алаңдардан бөліп тұратын нақты шекаралар анықталғаннан кейін өз еркімен тротуарлардың үстіне нысандар салу және көлік жүретін бөлікке шығып кетуге байланысты кедергілер осымен доғарылады деп күтілуде.

6500

Categories:

Tags:

No responses yet