Жамбыл облысына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Гүлдара Нұрымова келді. Олар Тараз қаласында жүргізіліп жатқан жылу желілерін күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл – партияның Сайлауалды бағдарламасында көзделген маңызды бастамалардың бірі.
Айта кету керек, М-1 жылу магистралі 1990 жылы салынған және сол уақыттан бері 35 жыл бойы пайдаланылып келеді. Ал жылу желілерінің нормативтік пайдалану мерзімі — 25 жыл. 2023 жылдың басында қала аумағындағы магистральдік және ішкі орамдық желілерге техникалық зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде М-1 магистралінің тозу деңгейі 80 пайызды құрағаны анықталған.
— Осыған байланысты 2023 жылы Тараз қаласы әкімдігі «Сыпатай батыр, Төле би және Тұрысов көшелері бойымен өтетін М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту» жобасын әзірледі. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының ұзақтығы 9,5 айды құрайды, — деді кездесуде AMANAT партиясының облыстық филиалының төрағасы Дауыл ЫНТЫҚБАЕВ.
Сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлуге өтінім жолданды. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп, тендер жеңімпаздарымен келісімшарттар жасалды.
Жобада М-1 жылу магистралі Сыпатай батыр, Төле би және Қаратай Тұрысов көшелері бойымен өтеді. Жалпы ұзындығы – 6 138 метр.
Құрылыс-монтаж жұмыстарының тапсырыс берушісі – Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Бас мердігер – «Сарыағаш-Аман» ЖШС, техникалық қадағалауды «АДС САПА» ЖШС жүргізеді, ал авторлық қадағалаушы – «ҚазНИПИЭнергопром» институты.
Аталған мердігер ұйымдармен жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы – 10 миллиард теңге.
Мәжіліс депутаттарына 2024 жылы осы жоба аясында 4 602 метр жылу желісі жаңартылғаны баяндалды. Қалған 1 536 метрді биыл ауыстыру жоспарланып отыр.
– Ең бастысы – монтаж жұмыстарының сапасына ерекше назар аудару қажет. Өйткені бұл тұрғындардың сапалы жылумен қамтылуына тікелей әсер етеді. Сондай-ақ мерзімдердің сақталуы аса маңызды. Жылыту маусымы жақындап қалды, сол себепті жұмыстар уақытында аяқталуы тиіс, – деді Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ.
Өз кезегінде Гүлдара НҰРЫМОВА аталған нысаннан бөлек, Жамбыл облысының аудандарына да барып, ондағы өзекті мәселелермен танысуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Мәселен, Қордай ауданында мемлекеттік қолдаусыз жұмыс істеп жатқан жекеменшік мектеп мәселесі өзекті болып тұр. Бұл жағдайдың себебін мәжілісмен тікелей сол жерде анықтамақ.
– Жалпы алғанда, жергілікті атқарушы органдар мен AMANAT партиясы ел ішіндегі өзекті мәселелерді шешуге баса мән беріп келеді. Халықпен тұрақты кездесулер мен азаматтарды жеке қабылдаулар өткізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары мен партияның сайлауалды бағдарламасында көзделген өмірлік маңызды салаларды дамытуға бағытталған міндеттер біртіндеп жүзеге асырылуда, – деді Гүлдара НҰРЫМОВА журналистерге арналған бейресми брифингте.
Автор: Шухрат ХАШИМОВ.

No responses yet