* Инженерлік инфрақұрылым және ТКШ

Тараз қаласының «Ұлы дала» шағын ауданында жаңа емхана пайдалануға берілді. Енді осы аумақтың тұрғындары мен қала қонақтары алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен кең бейінді қызметтерді бір жерден ала алады.

Облыс орталығындағы ең ірі тұрғын алаптарының бірі саналатын «Ұлы дала» шағын ауданында «JANUIA Medical Center» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы ашылды. Бүгінде бұл ауданда 50 мыңға жуық адам тұрады.

Емхана міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландырылады. Медициналық мекеме бір ауысымда шамамен 200 адамды қабылдай алады. Қазіргі таңда тіркелген тұрғындар саны – 10 мыңнан асады.

– Бұл медициналық нысан – денсаулық сақтау саласын жүйелі түрде дамытудың нақты нәтижесі. Жаңа емхана тұрғындарға сапалы, қолжетімді және уақтылы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – халықтың денсаулығын нығайту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, қажет еткендерге оңалту қызметін ұсыну, — деп мәлімдеді Тараз қаласы әкімдігінде.

Айта кетейік, ел егемендігін алған жылдан бері Тараздың батыс бөлігіндегі бұрын бос жатқан аумақтарда бірқатар жаңа тұрғын аудандар бой көтерді. Олардың қатарында «Астана» (12-шағын аудан) және «Бәйтерек» (13-шағын аудан) бар. Ал 2017 жылдан бастап қалаға солтүстіктен кіреберісте, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында 14-ші шағын ауданның құрылысы басталды. Бұл жерде 355 мың шаршы метр тұрғын үй, әлеуметтік маңызы бар нысандар мен Талас өзенінің бойында жағалау аймағы салынады деп көзделген.

«Ұлы дала» – қаланың орталығына жақын орналасқан 15-ші шағын аудан. Бас жоспар бойынша мұнда 280 көпқабатты және 922 жеке тұрғын үй, мешіт, сауда нүктелері, қоғамдық тамақтану орындары, конгресс-холл, жеңіл атлетика манежі және өзге де әлеуметтік нысандар салынуы тиіс. Жаңа шағын аудандар Тараздағы демографиялық өсім, тұрғын үйге деген сұраныс пен инфрақұрылым тапшылығы мәселелерін шешуге ықпал етеді деп күтілуде.

Categories:

Tags:

No responses yet