Тараз – екі мың, бәлкім, одан да көп жыл бұрын құрылған шаһар. Ежелден адам баласы қоныстайтын жер, елді біріктіретін орын ретінде жердің құнарын, пайдалы қазбаларын ғана емес, ең алдымен таза ауызсу көзін таңдаған. Сол табиғи заңдылықпен Тараз да қалыптасқан.
Қазақстандағы ірі қалалардың ішінде ауызсуды тек қана артезиан ұңғымаларынан алатын бірден-бір қала – осы Тараз. Қаланың әр шаңырағына ағатын су – дәмі жағынан ерекшеленетін табиғи тазалыққа ие. Жерасты ұңғымаларының саны да жыл сайын артып келеді.
Бүгінде қала халқын сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 90-нан астам артезиан ұңғымасы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, сумен жабдықтау жүйелері кезең-кезеңімен жаңартылуда, инфрақұрылымдар қайта қалпына келтіріліп жатыр.
«Жамбыл су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының инвестициялық бағдарламасы аясында бұл салада ауқымды жаңғырту жүргізілуде. 1952 жылы құрылған кәсіпорынның теңгерімінде 586,2 шақырым су құбыры, 290,5 шақырым кәріз желісі, 11 су қоймасы және 93 ұңғыма бар. Оның ішінде 43 ұңғыма – Таразда, 29-ы Құмшағал елді мекенінде орналасқан (қуаттылығы – тәулігіне 111 мың текше метр), ал қуаттылығы –69 мың текше метрді құрайтын 21 ұңғыма Жалпақтөбе су торабында орналасқан.
Кәсіпорын Талас-Аса артезиан бассейнінің жерасты суларын пайдаланады. Бұл – елдегі тұщы жерасты суына ең бай бассейндердің бірі. Осылайша, Тараз – Қазақстан бойынша ауызсу қоры жағынан көш бастаушы қалалардың қатарында.
Қала әкімдігінің деректеріне сәйкес, Таразға жаңадан қосылған аумақтарды да сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл мақсатқа 6,6 млрд теңге бөлініп, «Казарма», «Шөлдала», «Құмшағал» тұрғын алаптарындағы және тағы 28 саяжай алқабындағы 7 256 үйге (29 024 адам) орталықтандырылған су жеткізілді. 2024 жылы «Қарасу» 1–7, «Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец», «Родничок» алаптарын сумен қамту үшін тағы 2 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Нәтижесінде бұл аумақтардың бәрі 100% орталықтандырылған сумен жабдықталды.
Бұдан бөлек, қала халқын үздіксіз әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 4,8 млрд теңге көлеміндегі жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, 35 жаңа ұңғыма салу жоспары қолға алынған. Бұл жобаны қаржыландыру республикалық бюджет есебінен қарастырылып отыр. Ал магистралдық су құбырларының тозуына байланысты «Теміржол су – Алматы» ЖШС қарамағындағы желілер қала әкімдігінің коммуналдық меншігіне беріліп, олардың жаңғырту жобасы жасалуда.
Тараз – жерасты суының қоры мен берілетін судың дәмі мен сапасы жағынан елімізде алдыңғы орында. Аймақта 40-қа жуық ірі су көзі бар.
Бүгінде Тараздың әр шетін ондаған шақырымға созылған су арналары қиып өтеді. Олардың кейбірі – орта ғасырдан қалған. Қазіргі заманғы су құбырлары арқылы асфальт астымен ағатын тіршілік нәрі – әрбір тұрғынның үйіне жетеді.
Мамандардың айтуынша, Тараздың географиялық орналасуы мен жерасты суларының табиғи сүзгі ретіндегі құрылымы бұл қаланы алдағы ондаған жылдар бойы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қырғыз Алатауының мұздықтарынан бастау алған өзендер шаһарға тіршілік нәрін жеткізсе, қаланың астында – әлі де толық зерттелмеген мол жерасты су қоймалары жатыр.

No responses yet