Қалалық аумақтарды абаттандыру – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, заманауи құрылыс талаптарына сай келетін орта қалыптастыруға және инженерлік инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуға бағытталған жергілікті атқарушы органдардың күнделікті жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі.
Тараз қаласында жыл сайын көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын, балалар мен спорт алаңдарын, скверлер мен саябақтарды, жағалау аумақтарын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, шағын футбол алаңдары салынып, автомобиль жолдары мен тротуарлар жөнделеді, көшелер мен тұрғын үй массивтері жарықпен қамтамасыз етіледі.
2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 163 аула абаттандырылса, 2022 жылы – 5 аула, 2023 жылы – 27 аула жаңартылды. Бүгінгі таңда 152 аулада қайта жөндеу және қосымша абаттандыру қажет.
Қала бойынша осы уақытта 417 ауланың жағдайы қанағаттанарлықсыз. Оның 191-інде жол төсемдерін қалпына келтіру, балалар ойын алаңдарын, автотұрақтарды ретке келтіру және жарық орнату қажет. Қалған 226 аулада жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеп, жарықтандыру жүйесін ретке келтіру қажет.
Аула аумақтарын кешенді түрде абаттандыруға, соның ішінде балалар алаңдарын салуға қалалық бюджеттен 724 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда 25 мекенжай бойынша жұмыстар атқарылды. Жалпы алғанда, қалада 821 аула бар, оның жартысынан астамы – 417-сі – күрделі жөндеуді талап етеді.
2024 жылы спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында жергілікті бюджеттен 225 миллион теңге бөлініп, 8 шағын футбол алаңының құрылысы аяқталды. Тағы бір алаңның құрылысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар, қала аумағындағы 14 футбол алаңы толық күрделі жөндеуден өтті. Ал 2025 жылы 10 жаңа спорттық алаң салу жоспарланған.
Абаттандыру жұмыстары алдағы жылдары да жалғасады. 2025 жылы – 114 аула, 2026 жылы – 113 аула, 2027 жылы тағы 113 аула жаңартылады.
Бүгінде 11 аумақтық округке бөлінген Тараз қаласының тұрғындар саны 429 мың адамды құрайды. Қалада 57 270 жеке тұрғын үй, 70 тұрғын алқап және 1 438 көпқабатты тұрғын үй бар. Соңғысының 1 103-і – 30 жылдан астам пайдалануда.
Айта кететін жайт, 2024 жылы Тараздың жаңа Бас жоспары аясында қалаға Байзақ және Жамбыл аудандарынан 46 мыңнан астам тұрғыны бар, жалпы ауданы 13 019,1 гектар болатын 14 елді мекен қосылды. Осылайша, қазіргі таңда Тараз қаласында шамамен 480 мың адам тұрады. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес, облыс орталығының халқы 400 мыңнан асқан жағдайда қалада әкімшілік аудандар құрылады. Осы негізде Таразда «Әулие-Ата» және «Жібек жолы» атты екі жаңа аудан пайда болды.
*Инженерлік инфрақұрылым және ТКШ
Жарық жолы
Соңғы жылдары Тараз қаласында көше жарығы – көп көтерілген және шешімін қажет еткен мәселелердің бірі болды. Бұрын жарық шамдар негізінен қала орталығында ғана жанса, шеткі аумақтар түнекке оранып, бұл жағдай қоғамдық қауіпсіздікке кері әсер ететін.
Түнгі уақытта көшелерді жарықтандыру – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды фактор. Сондықтан бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
2024 жылы қалада 76 көшеге түнгі жарық орнатылды. Ал 2025 жылы тағы 85 көшені жарықтандыру үшін 500,3 миллион теңге қарастырылған. Оның ішінде 52 көшедегі жұмыстар осы жылы аяқталса, қалған 30 көше бойынша жұмыстар 2026 жылға өтпелі болады.
Сейфуллин көшесінің (Қонаев көшесінен Саңырық батыр көшесіне дейінгі) және Жамбыл даңғылының (Сәтпаевтан Сыпатай батыр көшесіне дейінгі) бойындағы жаяу жүргіншілер жолдарына түнгі жарық орнатылды. Сейфуллин көшесінің жоғарыда аталған бөлігінде шамдар толық орнатылып, пайдалануға берілді.
Қала шетінде орналасқан, жақында ғана әкімшілік шекараға қосылған саяжай алқаптары да жарықпен қамтылуда. Мұнда 8,7 миллиард теңгеге жоғары кернеулі желілер мен қосалқы станциялар салынып жатыр. «Шөлдала» және «28-дача» тұрғын алқаптарын электрмен қамту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Жамбыл электр желілеріне 5 775 жаңа абонент қосылды.
Қалалық әкімдікте атап өткендей, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жарықтандыру мақсатында қалалық бюджеттен 368 миллион теңге бөлініп, он шағын ауданда тиісті жұмыстар жүргізілді.
Қазіргі таңда 353 көпқабатты үйдің ауласы және 79 кіреберіс жол жарықпен қамтамасыз етілді. Бұл үйлерде тұратын 44 мыңнан астам тұрғын кешкі және түнгі уақытта аулаларына еш кедергісіз шыға алады.
Жарықтандыру жұмыстары алдағы уақытта қала аумағының басқа бөліктерінде де жалғасын табады. Биыл негізгі көше бойларында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жарықтандыру жобасы басталды. Бұл тізімге Жамбыл, Гамалея, Қойбақов, Сәтпаев, Аскаров, Төле би, Көшеней, Сыпатай батыр, Менделеев, Көшек батыр, Абай, Дүрімбетов, Қазыбек би, Әйтеке би, Жүнісалиев, Қонаев, Байзақ батыр, Желтоқсан, Рахымов, Рысбек батыр, Сүлейменов көшелері енгізілді.
Сондай-ақ, «Бәйтерек» шағын ауданы, «Сахпоселок», теміржол желісінің арғы бетіндегі үйлер және «Солнечный» тұрғын алабы сияқты қала шетіндегі тұрғын аймақтар да бұл жобамен қамтылған.

No responses yet