* Көлік және логистика саласы
Қоғамдық көлік – қаланың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымындағы аса маңызды жүйе. Күн сайын Тараз қаласында автобустар шамамен 300 мың жолаушыны тасымалдайды, бұл жылына жүздеген миллион адамға тең. Автобустар бүгінде облыс орталығындағы негізгі қоғамдық көлік түрі ретінде қала тұрғындарының күнделікті қозғалысын қамтамасыз етіп отыр.
Соңғы жылдары Таразда автобус паркі тұрақты түрде жаңартылып келеді. Қала көшелерінде заманауи, жайлы, таза әрі кестеге сәйкес жүретін жаңа автобустар пайда болуда. Олардың сапасына тұрғындар да, қала қонақтары да оң бағасын береді.
Бүгінгі таңда Таразда тоғыз жолаушы тасымалдаушы компания қалалық қоғамдық көлік маршруттарын қамтып отыр. Олар жыл сайын жаңа автобустарды бағытқа қосып келеді. Мәселен, 2022 жылдан 2024 жылға дейін қалада үлкен сыйымдылықтағы 275 жаңа автобус сатып алынды, бұл автобус паркінің 73% құрайды. Автопаркті жаңартуға салынған жалпы инвестиция көлемі – 12,7 миллиард теңге. Әлеуметтік маңызы бар қалалық және қала маңы бағыттарына жұмсалған шығындарды өтеу үшін 4,8 миллиард теңге көлемінде субсидия қарастырылған.
Қоғамдық көлік жұмысына цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде. Оның ішінде электронды төлем жүйесі мен «Ақылды аялдама» жобасы бар.
2021 жылдан бастап облыс орталығындағы аялдамаларға жарықдиодты цифрлық тақтайшалар орнатылып келеді. Онда автобустардың нөмірі мен аялдамаға келу уақыты көрсетіледі. Биыл Таразда осындай 75 аялдама орнатылды. Жолаушылар нақты уақыт режимінде қандай автобус қай уақытта келетінін осы ақпараттық тақтайша арқылы көре алады.
Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі хабарлағандай, автобус қозғалысының кестесі жолаушылардың сұранысына қарай жасалады. Бұл үшін әлеуметтік желілерде кері байланыс арнасы тұрақты жұмыс істейді. Жаңа маршруттардың ашылуы немесе кестедегі өзгерістер кезінде көлік желісін оңтайландыру үшін тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Тараздықтар үшін тағы бір жағымды жаңалық – кейбір автобус бағыттарының кешкі уақытқа дейін жұмыс істеуі. Енді бірқатар маршруттар 23:30-ға дейін қатынайды. Бұл – кешкі уақытта жолға шығатын тұрғындар үшін өте қолайлы.
2021 жылы қала автобустарында электрондық билеттеу жүйесі енгізілді. Бұл жүргізушілер арасындағы «жолаушы қуалауды» жоюға және автобустардың кестеге сай, белгіленген жалақымен жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Еңбекақы мөлшері енді атқарылған жұмыс сағатына байланысты есептеледі.
Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, қоғамдық көліктегі электронды төлем жүйесі бірнеше тәсілді қамтиды. Оған автобус нөмірі арқылы QR-кодпен немесе цифрлық кодпен төлеу, «TulparCard» көлік картасы арқылы төлеу, SMS-хабарлама және мобильді қосымша арқылы, сондай-ақ Kaspi QR арқылы төлеу кіреді.
Автобус паркін жаңарту, бағыттар санын арттыру, жолаушыларға жайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар қалада жүйелі түрде жалғасады.

No responses yet