*Көлік және логистика саласы

Тараз көшелеріндегі жол құрылысына бөлінетін қаржы екі есеге артты

Автожолдарды жөндеу – тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, елді мекендердің инфрақұрылымы мен сәулеттік келбетіне тың серпін беретін маңызды сала.

Жамбыл облысында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі жыл сайын артып келеді. 2025 жылы жергілікті маңыздағы автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 28 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаражат аясында 181 жоба іске асырылмақ: оның ішінде 17,7 шақырым жол салу, 8 шақырым жолды қайта жаңғырту, сондай-ақ 400 шақырымға жуық жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұдан бөлек, жолдарды ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстауға 3,4 миллиард теңге қарастырылған.

Ал Тараз қаласында биыл жол жөндеу жобаларының саны былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге көбейді. Бұл – халық саны мен көлік ағынының артуына тікелей байланысты қажеттілік.

Бүгінде қала аумағында 1 445 жол желісі тіркелген: 878 көше, 3 даңғыл, 465 бұрылыс көше, 50 тығырық және 49 жаяу жүргінші өткелі бар. Оның ішінде 902 көше асфальтталған, бұл жалпы санның 62,4 пайызын құрайды. Ал 543 көше, яғни 37,6% – қиыршық тасты. Қала көшелерінің жалпы ұзындығы 1 888,5 шақырым болса, соның 1 227 шақырымы (65%) асфальт жамылғысымен, 661,5 шақырымы (35%) қиыршық тас төселген.

Жыл соңына дейін 95 көше, қиылыс, тығырық пен бұрылыста ұзындығы 61,4 шақырым болатын орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, 100 көшеге және 20 тұрғын алқапқа қиыршық тас төселіп, 35,3 шақырым тротуар жаңартылмақ.

Биыл күрделі жөндеу жұмыстары Рысбек батыр, Қойгелді және Асқаров көшелерінде қолға алынған. Орташа жөндеу 118 көше мен 7 жаяу жүргінші жолын қамтиды – бұл сәйкесінше 68,6 және 18 шақырым. Сонымен қатар, «Коммунальник», «Лето», «Ветеран», «Химик», «Юбилейный» және «Победа» тұрғын алқаптарында жалпы ұзындығы 73,8 шақырым болатын 165 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Көп жылдар бойы жол инфрақұрылымы мүлде болмаған «Бурыл А, Б, В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында бүгінде құрылыс техникасы қызу жұмыс жүргізуде. Мұнда 75 көшеге ұзындығы 33,2 шақырым болатын екі қабатты асфальт төсеу жоспарланған. «Бурыл» тұрғын алқабында бүгінде жарықпен қамту, таза ауызсу тарту сынды маңызды мәселелер шешімін тапқан. Енді тұрғындардың игілігіне сапалы жолдар мен тротуарларда ұсынылады. Аулалар мен шағын аудандар көшелерін ағымдағы жөндеуге жергілікті бюджеттен 900 миллион теңге бөлінді.

Жүргізіліп жатқан ауқымды құрылыс жұмыстарының нәтижесінде 2025 жылдың соңына қарай Тараз қаласы көшелерінің 99,5 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болады деп күтілуде. Ал елді мекендердегі көшелердің сапасы 89 пайызға дейін жетпек.

Айта кетейік, бүгінде Тараз халқының саны жарты миллионға жуықтады. Қалада тіркелген автокөліктердің саны 200 мыңнан асып, онымен қоса транзиттік көліктердің ағыны да айтарлықтай артқан. Бұл көлік кептелісі мен ауа ластануы мәселесін ушықтырып отыр. Сондықтан көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру – жергілікті билік үшін басты міндеттердің бірі.

Осыған орай 2023–2025 жылдарға арналған Тараз қаласын дамыту жөніндегі Жол картасы аясында көлік инфрақұрылымын жақсарту мен логистикалық жүйені жаңарту бағытында нақты жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, көше-жол желісін жаңғырту, жаңа жаяу жүргінші өткелдері мен көпірлер салу, жыл сайын 100–120 көшеге асфальт төсеу, жаңа автобус бағыттарын іске қосу, қосымша автобустар сатып алу және заманауи аялдамалар орнату көзделген.

Қаладағы көлік ағынын теңгерімді бөлу және көше жолдарының жүктемесін азайту мақсатында жалпы құны 40 миллиард теңгеден асатын екі жаңа көпірдің құрылысы жоспарға енгізілген.

Автор: Галина СКРИПНИК

Categories:

Tags:

No responses yet