Тараздағы жаңа нысандар
*Инженерлік инфрақұрылым және ТКШ
Қазақстанның бірнеше өңірінде 2021 жылдан бері сот сараптамасы мекемелеріне арналған арнайы ғимараттар бой көтеріп жатыр. Бұл жұмыс еліміздің Әділет министрлігі іске асырып жатқан 2025 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жоспарлы бағдарламаның бір бөлігі. Аталған жоба аясында Түркістан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында жаңа ғимараттар салу көзделген.
Соның аясында биыл шілде айында Тараз қаласында Жамбыл облысы бойынша Сот сараптамасы институтының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Бұл мекеме – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне қарасты Сот сараптамасы орталығының құрылымдық бөлімшесі. Жаңа нысанның пайдалануға берілуі тек институт ұжымы үшін ғана емес, жалпы өңірдегі сот-сараптама жүйесі үшін аса маңызды оқиға болды.
Ашылу рәсіміне жергілікті атқарушы органдардың, Әділет министрлігінің орталық және аумақтық құрылымдарының өкілдері, құрметті қонақтар мен сараптама саласының мамандары қатысты. Іс-шарада Тараз қаласының әкімі Бахытжан Орынбеков, Әділет министрлігінің Сот сараптамасы қызметін ұйымдастыру департаментінің басшысы Алан Тіленшиев және ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығының директоры Бахытжан Байтілесов құттықтау сөз сөйледі.
Айта кету керек, Жамбыл облысындағы сот-сараптама қызметінің тарихы 1952 жылдан бастау алады. Сол жылы өңірде алғаш рет сот-медициналық сараптама ұйымдастырылған болатын. 1992 жылдан бастап сот сараптамасының дербес бағыты дами бастады. Ал 2017 жылы сот және сот-медициналық сараптама бағыттары біріктіріліп, біртұтас институт ретінде қайта құрылды.
Бұған дейін Тараздағы институт Жамбыл даңғылы мен Асқаров көшелеріндегі екі бөлек ғимаратта жұмыс істеп келген. Алайда штат санының артуы мен сараптама түрлерінің көбеюіне байланысты барлық бөлімдерді бір шаңырақ астына жинау қажеттілігі туындады.
Жамбыл облысы мен Тараз қаласы әкімдіктерінің қолдауымен 2024 жылы жалпы ауданы 2 000 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимарат сатып алынды. Сол жылдың желтоқсанында 200 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп, заманауи сәулет пен техникалық талаптарға сай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар 2025 жылдың мамыр айында аяқталды.
Бүгінде Жамбыл облысы бойынша Сот сараптамасы институты 24 түрлі сараптама мен 42 бағытта қызмет көрсетеді. Мұнда 70-ке жуық маман еңбек етеді. Сараптамалар жоғары кәсіби деңгейде, сапа мен әділдік стандарттарын қатаң сақтай отырып жүргізіледі.
Жаңа ғимаратта сот сараптамасының төрт негізгі бағыты – химиялық-токсикологиялық, биологиялық, медициналық криминалистика және наркологиялық зерттеулер бойынша қызмет көрсету қарастырылған. Бұдан бөлек, сот-медициналық және сот-психиатриялық сараптамаларға арналған арнайы кабинеттер, зертханалар, кеңсе бөлмелері, конференц-зал және мұрағат қоймалары бар.
Институттың материалдық-техникалық базасы толық жаңартылып, заманауи қондырғылармен жабдықталған. Мұнда криминалистикалық, биологиялық, автотехникалық, сот-медициналық және өзге де сараптама түрлерін сапалы өткізуге мүмкіндік беретін алдыңғы қатарлы зерттеу құралдары орнатылған. Сонымен қатар ғимарат қауіпсіздік жүйесімен толық жабдықталған – 20-дан астам бейнебақылау камерасы орнатылып, ішкі тәртіп пен деректердің қорғалуы қамтамасыз етілген.
Сараптамалық әлеуеті күшейтілген жаңа нысан өңірдегі сот әділдігін қамтамасыз ету ісіне елеулі серпін береді деп күтілуде.

No responses yet