*Қалалық инфрақұрылым
Облыс орталығының көпірлеріне тағы бір өткел қосылады, оның маңыздылығы сөзсіз. Бұл нысанның құрылысы көп жылдардан бері қордаланып келген проблемаларды шешуге көмектеседі.
Биыл наурыз айында Таразда теміржол арқылы өтетін жаңа көпірдің іргетасы қаланды. Бұл көпір қала логистикасын жақсартып, облыс орталығының шеткі бөлігін жандандырады деп күтілуде.
Тараз аумағы арқылы халықаралық және республикалық маңызы бар Алматы-Ташкент автожолы, сондай-ақ қаланы екi бөлiкке бөлетiн магистральдық темiр жол өтетiнi баршаға мәлім. Бұл ретте халық арасында «жолдың арғы жағындағы» деп аталатын қаланың оңтүстiк бөлiгi жеткiлiктi көлiктiк қолжетiмдiлiктiң болмауынан инфрақұрылымдық дамуда едәуiр артта қалуда.
Жарты миллион тұрғыны бар Тараз Қазақстанның оңтүстiгiндегi iрi көлiк артерияларының қиылысында орналасқан, сондықтан қала автокөлiктен, соның iшiнде транзиттiк көлiктің көптігінен зардап шегіп отыр. Осы проблеманы шешу үшін 2023 — 2025 жылдарға арналған облыс орталығын дамытудың жол картасына қалада туындайтын көлік проблемаларын шешу жөніндегі жобалар енгізілген.
Жібек жолы көшесіндегі жол өтпесі мен Байзақ батыр көшесіндегі көпірдің көлік өткізу қабілеті бүгінде орталықты «желінің арғы жағындағы» ауданмен қосатын автомобиль қозғалысына жеткіліксіз. Осылайша, қала орталығын теміржол желісінің арғы жағында орналасқан тұрғын алаптармен байланыстыратын автомобиль көпірін салу жобасы пайда болды.
Тараз қаласының аумағы мен халық саны Байзақ және Жамбыл аудандарына тиесілі елді мекендерінің қосылуымен айтарлықтай кеңейді, бұл, әрине, автомашиналар ағынының ұлғаюына да әсер етеді. Тараз қаласының алдағы үш жылға арналған даму картасы қалалық логистиканы жақсартуға ықпал ететін бірқатар жобаларды көздейді. Қалада екі жол өткелін салу есебінен «бос» жолдар пайда болады.
2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан 14-ші шағын ауданның жаңа ауданын және «желінің арғы жағындағы» шеткі ауданды қала орталығымен байланыстыратын екі жол өткелінің құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау басталды. Бұл нысандардың құрылысын республикалық бюджет қаржыландырады.
Наурыз айында болашақ көпірдің іргетасын қалау салтанатты рәсімі өтті. Шара барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, «BI GROUP» директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев сөз сөйледі.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа-орталығының ақпаратына сай, Абай даңғылындағы темір жол арқылы өтетін ұзындығы 0,946 км көпір тұрғындардың қауіпсіздігі үшін салынады. «Қазақдорстрой» ЖШС бас мердігері барлық сапа стандарттарын сақтай отырып, озық инженерлік технологияларды қолданады. Нысан екі лифтімен жабдықталады, бағдаршамдар орнатылады, аумақ абаттандырылады, жарықтандыру жүргізіледі. Жол өткелi қала орталығын темiр жол желiсiнiң екiншi жағында орналасқан тұрғын үйлермен қосады, көлiктiң транзиттiк қозғалысын жеңiлдетедi.
Облыс орталығында Абай даңғылы мен Сыпатай батыр көшесінің қиылысынан Жамбыл даңғылына дейін тағы бір ауқымды көлік жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.
Ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру облыс орталығында логистиканы жақсартуға мүмкіндік береді, көлік қозғалысының тиімділігін арттырады, көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және қаланың екі ірі ауданының дамуына серпін береді.
4 000

No responses yet