*ТКШ

Қыста еліміздің солтүстік облыстарында жылумен қамтамасыз етуде жыл сайынғы төтенше жағдайлар орын алуы аясында Жамбыл облысында жылыту маусымы бірнеше жылдан бері ешқандай ақаусыз өтіп келеді. Бұл ретте жылу коммуникацияларының тозуын едәуір төмендететін нысаналы жөндеу өз әсерін тигізуде.

2024-2025 жылғы жылыту маусымы 14 сәуірде тұрақты ауа райы орныққан соң сәтті аяқталды. Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес, егер сыртқы ауа температурасы бес тәулік аралығында + 8 градустан жоғары болса, Жамбыл облысында оның ұзақтығы 160-168 тәулікті құрайды. Алайда, егер балабақшалар мен мектептерде балалар жаурап қалмас үшін әлеуметтік маңызы бар денсаулық сақтау және білім беру нысандары өтінім берсе, онда жылу беру жалғастырылуы мүмкін.  

Тараз қалалық әкімдігінде түсіндіргендей, Қазақстанда қолданыстағы нормативтерге сәйкес ауа температурасы жоғары болғандықтан және қала тұрғындарының тілектерін ескере отырып, биыл жылыту маусымын 14 сәуірде аяқтау туралы шешім қабылданды.

— Бір айға ыстық суды өшіру туралы шешімге келетін болсақ, бұл жылу желілерін гидравликалық сынақтан өткізуге және қазандықтарды жөндеуге байланысты, бұл жылыту маусымының қауіпсіз өтуіне көмектеседі, өйткені жылу трассаларының бүлінген учаскелерін анықтауға және оларды қолайлы ауа райы жағдайында алдын ала қалпына келтіруге мүмкіндік береді, — деп түсіндірді ведомствода.

Ағымдағы жылыту кезеңінде өңірде бірінші санаттағы апаттық және технологиялық ақаулар жылу көздері мен инженерлік инфрақұрылым желілерінде тіркелмеген. Жылу көздері штаттық режимде жұмыс істеді. Барлық 9 жылу энергетикалық кешен мен 593 автономды қазандық қалыпты жұмыс істеді, авариялық-диспетчерлік қызметтер тәулік бойы қызмет көрсетті. Өңірдегі 1 800-ге жуық әлеуметтік маңызы бар нысан мен 1 650 көп қабатты тұрғын үй тұрақты жылумен қамтамасыз етілді.

Айта кету керек, облыс орталығында «Таразэнергоорталық» жылу беруші кәсіпорны мен «Таразтрансэнерго» жылу тасымалдайтын компаниясы жұмыс істейді, бұл мекеме 229 км жылу трассасын қадағалап, қызмет көрсетеді, бұл дегеніміз елу шақырымға жуық магистральдық жылу желілері және 150-ден астам ішкі орамдық жылу желілері. Бұл ретте құбырлардың 67,8% тозғанын да тілге тиек еткен жөн. 

Жылу беру сапасына жылу желілерін уақытылы жөндеу де әсер етеді. 2023 жылы Сыпатай батыр, Төле би және Қ.Тұрысов көшелерімен өтетін «М-1» магистралды жылу трассасын жаңғырту жобасы әзірленді. 2024 жылы облыс орталығында 8,5 км жылу желісі жөнделді, М-1 4,5 км жылу магистралі қайта жөнделді, 1,8 км ескі учаскелер күрделі жөндеуден өтті, 2,7 км құбырға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, жылу желілері және істен шыққан қазандық жабдықтары ауыстырылды. Оның ішінде жоба бойынша Сыпатай батыр және Жамбыл даңғылдарының арасындағы ұзындығы 4,6 км «М-1» жылу трассасы жаңғыртылды. 

Биыл жаз мезгілінде облыс орталығында жылу желілерін жөндеу жұмыстары жалғасуда, желілерді жаңғырту бойынша құрылыс жұмыстары жедел қарқынмен жүріп жатыр. Жамбыл даңғылынан Қ. Тұрысов көшесіне дейін және Төле би даңғылы қиылысына дейін 6,1 км жылу трассасы жаңартылады. 

Сондай-ақ, 2025 жылы Төле би – Жамбыл даңғылы қиылысынан  Сейфуллин – Қонаев көшесіне дейін және сол қиылыстан Әйтеке би көшесіне дейін «М-3» магистральды жылу трассасының 650 метрін жаңарту жұмыстары жоспарланған. «Ұлы дала» шағын ауданында жылу қуатының жеткіліксіздігі анықталды, сондықтан магистральдық және орамішілік желілер кеңейтіледі.

2024-2029 жылдарға арналған тозған жылу трассаларын ауыстыру жоспары аясында республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 14 жоба әзірленді, ҚР Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім берілді. Бұл желiлердiң көпшiлiгiнде белгiленген 25 жылдық пайдалану мерзiмi аяқталды.

Барлық жоспарланған жаңартулар нәтижесінде Тараздағы жылу желілерінің тозуы 51%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Бұл апаттардың алдын алуға, энергия шығынын азайтуға және жылумен жабдықтау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Автор:  Галина СКРИПНИК 

Фото: Галина СКРИПНИК

4 500

Categories:

Tags:

No responses yet