Дарынды балаларға арналған IT-лицей-интернаттың аумағы кеңейіп, заманауи оқу корпусы мен 300 орындық жатақхана бой көтеріп жатыр. Қосымша ғимараттарда асхана мен спорт залы да қарастырылған, бүгінде құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталған.
Жамбыл облысының оқушылары халықаралық және республикалық зияткерлік сайыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, өңір мерейін асырып жүр. Мұның артында білім сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс, сондай-ақ Мемлекет басшысының елде ақпараттық технологияларды дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға деген ұмтылыс жатыр.
Бүгінде Тараз қаласы мен облыс мектептерінде ақпараттық технологияларды меңгеруге айрықша көңіл бөлінеді. Оқушылардың ғылыми-техникалық және шығармашылық қабілетін шыңдап, инженерлік ойлау жүйесі мен дизайнерлік талғамын қалыптастыруға, робот құрастыру дағдыларын дамытуға арналған үйірмелер ашылып келеді.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жамбылдық оқушылар ақпараттық технологияларды 2017 жылы Таразда ашылған дарынды балаларға арналған IT-лицейде тереңдете оқи бастады.
Балауса шағынауданында орналасқан дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT-лицей-интернатта бүгінде 325 оқушы білім алады. Қазіргі жатақхана 45 орынға шақталған. Мұнда оқушылар жаратылыстану-математикалық пәндерді, робототехниканы, ақпараттық технологияларды, дизайн мен бағдарламалауды үш тілде тереңдетіп меңгереді.
Аумағы 1,7 гектар болатын білім беру кешенінде оқу кабинеттері мен оқушылар тұратын бөлмелер орналасқан заманауи ғимарат бар. Лицейде 12 оқу кабинеті, екі компьютер кабинеті, кітапхана, ЛМК, STEM-зертханасы, веб-бағдарламалау және робототехника кабинеттері, медициналық кешен, спорт және акт залдары, асхана жұмыс істейді.
Кең дәліздер, заманауи техникалық құралдармен жабдықталған оқу кабинеттері, талғаммен безендірілген интерьер, жайлы жиһаз қойылған жатын бөлмелері мен оқушылардың тынығуына қолайлы орта – мұның бәрі балалардың сапалы білім алып қана қоймай, өздерін жайлы сезінуіне мүмкіндік береді. Асханада да түрлі тағам ұсынылады.
Жаңа 300 орындық жатақхана пайдалануға берілгеннен кейін лицей-интернаттағы жатын орындардың жалпы саны 345-ке жетеді.
Жамбыл облысының әкімі Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ білім беру мекемесіне қосымша салынған ғимараттардың құрылыс барысымен танысты. Қазір оқу орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік беретін үш блоктан тұратын нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ерлан ОРЫНБАЕВТЫҢ мәліметінше, жоба аясында 300 орындық оқу корпусы мен 300 орындық жатақхана, асхана және спорт залы салынып жатыр. Сонымен қатар акт залы мен кітапхана жабдықталады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 98%-ы орындалған.
– Өздеріңізге белгілі, биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Мемлекет басшысы бұл бағыттарды еліміздің дамуы үшін негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындады. Бұған дейін қаржыландыру мәселелеріне байланысты дарынды балаларға арналған IT-лицей-интернаттың қосымша ғимараттарының құрылысы баяулады. Қазір бұл мәселе толық шешілді. Бұл – облыс үшін маңызы зор әлеуметтік нысандардың бірі. Ендігі міндет – қалған жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау. Үш блоктың барлығы қазан айының соңына дейін толық дайын болып, пайдалануға берілуге тиіс, – деді өңір басшысы.
***
Тараздық жас дарындар халықаралық деңгейде де биік белестерді бағындырып жүр. Биыл дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT-лицей-интернаттың оқушысы Арнұр Артықбай АҚШ-тың Финикс қаласында өткен Regeneron ISEF-2026 дүниежүзілік ғылыми-инженерлік көрмесінде жасанды интеллект саласындағы жобасы үшін халықаралық марапатқа ие болды.
Жас зерттеушінің «Машиналық оқыту негізінде қатерлі ісіктерді автоматты түрде анықтау жүйесі» атты жобасы көрмені ұйымдастырушылардың бірі – MAWHIBA Foundation қорының ақшалай сыйлығына лайық деп танылды.
Сонымен қатар Арнұр Артықбай Сауд Арабиясындағы Король Фахд атындағы Мұнай және минералдар университетінің (KFUPM) білім грантын иеленді.


No responses yet