Жамбыл облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу дәуірі басталады. Бүгінде өңірде тұрмыстық қалдықтарды заманауи технологиялар арқылы өңдейтін ірі зауыттың құрылысы қолға алынып отыр.
Жамбыл облысында, оның ішінде Тараз қаласында қоқыс өңдеу кәсіпорнын салу идеясы алғаш рет 2018 жылдан бастап көтеріліп, оны жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіле бастады. Осы жылдар ішінде бірқатар шетелдік инвесторлар өз жобаларын ұсынып, өңірдегі қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыртуға қызығушылық танытты.
Атап айтқанда, 2019 жылы америкалық компаниялар тарапынан алғашқы нақты жобалар ұсынылды. Сол кезде америкалық технология негізінде жылына 100 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықты өңдеуге арналған зауыт салу жоспарланған болатын. Жобаның болжамды құны 17 млрд теңге деп бағаланды. Алайда бұл бастама толыққанды іске қосу кезеңіне дейін жетпеді.
2024 жылдың желтоқсан айында Жамбыл облысындағы полигондарда жинақталған қалдық көлемі 2,5 млн тоннадан асып, мәселенің өзектілігі арта түсті. Осыған байланысты жаңа жобалар топтамасын қалыптастыру жұмыстары басталды. Қазақстан Республикасы Экология министрлігі облыс әкімдігімен бірлесіп, ауқымды республикалық жаңғырту бағдарламасы аясында Жамбыл облысы үшін жалпы құны 2,2 млрд теңгені құрайтын қалдықтарды басқару саласындағы төрт жобаны мақұлдады.
Ал Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы инвестициялық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылатын қазіргі ауқымды жоба 2024 жылдың соңында нақты мазмұнға ие болып, практикалық кезеңге өтті.
Оңтүстік Корея тарапымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде «ForYou Energy» ЖШС-мен келісімге қол қойылды. Нәтижесінде инвестиция көлемі бұрынғы жоспардан айтарлықтай артып, 80 млрд теңгеге жетті. Осылайша жоба қарапайым сұрыптау кешені деңгейінен асып, қалдықтарды өңдеу арқылы «жасыл» электр энергиясын өндіретін жоғары технологиялы өндірістік кешенге айналды. Зауыт құрылысының ресми басталуы 2026 жылдың 27 шілдесіне белгіленді.
Болашақ кәсіпорынның құрылыс алаңында іргетасқа капсула қалау рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Өңір басшысы бұл жобаның экологиялық инфрақұрылымды дамытуда және облыстың инвестициялық әлеуетін арттыруда стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканы әртараптандырумен қатар, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне де айрықша мән беріп келеді. Қордаланған тұрмыстық қалдықтарды тиімді қайта өңдеу, полигондарға түсетін жүктемені азайту және қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа зауыттың құрылысы өңір үшін аса маңызды жоба болып табылады. Корейлік серіктестердің инвестициясы Жамбыл облысы экономикасының дамуына жаңа серпін береді, – деді облыс әкімі.
«ForYou Energy» ЖШС бас директоры Өнербек Сейтхамзаның айтуынша, жоба қатты тұрмыстық қалдықтарды кешенді түрде қайта өңдеп, одан кейін электр энергиясын өндіретін заманауи өндірістік кешен салуды көздейді.
Жобаны жүзеге асыру екі кезең бойынша жүргізіледі. Бірінші кезеңдегі нысандарды пайдалануға беру 2027 жылдың бірінші тоқсанына, ал екінші кезеңді іске қосу 2029 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланып отыр.
Кәсіпорында Оңтүстік Кореяның озық технологиялары енгізіліп, тәулігіне 900 тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықты өңдеуге және 20 МВт көлемінде электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.
Зауыт құрылысы барысында 400 жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бастағаннан кейін мұнда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Өнербек Сейтхамзаның айтуынша, жобаның басты мақсаты – қоршаған ортаға түсетін экологиялық салмақты азайту, қалдықтарды тиімді басқару жүйесін қалыптастыру және «жасыл» энергетиканың дамуына жол ашу. Сонымен қатар қазақстандық мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылмақ.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында биыл күзде зауыттың құрылыс алаңы аумағына 1000 түп қарағаш көшетін егу жоспарланып отыр.
«ForYou Energy» компаниясы жүзеге асырып жатқан қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытының құрылысы Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестициялар тарту, жаңа өндірістер ашу және елдегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда.

No responses yet