Таразда жылыту маусымына дайындық жедел қарқынмен жүріп жатыр
Көмір мен жанар-жағармай қоры, жылу желілерінің күрделі жөндеуі, жылыту жүйелеріндегі ақауларды анықтау – Тараз қаласының коммуналдық қызметтері бүгінде осы жұмыстардың барлығын шұғыл тұрғыда атқарып жатыр. Мақсат – облыс орталығын 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына толықтай әзірлеу.
Инфрақұрылымның тозуы – тұрақты жылу беру ісіне басты қатер
ҚР Парламент Сенатының кезекті отырысында Жамбыл облысынан сайланған депутат Бекболат ООРЫНБЕКОВ еліміздегі жылу энергетикасы саласындағы өткір мәселелерді көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады.
Сенатор Үкімет назарын еліміздің бірқатар өңірінде жылу жүйелерінің әбден тозғанына аударып, жанармай бағасының өсуі мен құрал-жабдықтардың ескіруі туралы да тоқталды.
Өңірлердегі жылу инфрақұрылымының қатты тозуы алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуіне айтарлықтай қауіп төндіріп отыр, деп атап өтті ол Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалында. Сондай-ақ ол елдегі қазандықтар мен жылу желілерін шұғыл түрде жаңғыртудың аса маңызды екенін ерекше назарға алды.
– Қазіргі таңда ең өзекті міндеттердің бірі – халыққа және заңды тұлғаларға жылу мен ыстық су жеткізетін табиғи монополия субъектілерін жаңа жылыту маусымына уақтылы әрі толыққанды дайындауды қамтамасыз ету үшін қажетті қолдау көрсету. Еліміз бойынша 13 144 қазандық жұмыс істейді, олардың орташа тозу деңгейі – 57%. Ал жылу желілерінің жалпы ұзындығы 13 313 шақырымға жеткен, соның 52% тозған. Қазандықтар мен құбырлар жүйесінің техникалық ескіруі жиі апаттарға, жөндеу шығындарының өсуіне және энергия тиімділігінің төмендеуіне алып келеді. Бұған қоса, тауарлық газдың қымбаттауы жылу кәсіпорындарының шығындарын арттырып, инфрақұрылымды дер кезінде жөндеуге мүмкіндік бермей отыр. Осыған орай ел бойынша жылу қазандықтары мен желілерін кешенді жаңғыртуды жедел қолға алу қажет, – деді сенатор Бекболат ОРЫНБЕКОВ.
Қыс келіп қалды – енді босаңсуға болмайды
Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі берген ақпаратқа сәйкес, 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық кестеге сай жүзеге асырылуда.
Сәуір–мамыр айларында ыстық су беру уақытша тоқтатылып, жылу жүйелерінде гидравликалық сынақтар жүргізілген. Мұндай жұмыстар жылу беру маусымы алдында жүйенің ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргідей жылы мезгілде анықталған ақауларды уақтылы жөндеу – алдағы қыстың қалыпты өтуіне мүмкіндік береді.
Қаладағы барлық мекемелер мен кәсіпорындар «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жамбыл облыстық филиалымен газ жеткізу туралы келісімшарттар жасасқан. Бүгінде қысқы кезеңге қажетті отын қоры жасақталып қойған: 875 тонна көмір, 21,6 мың тонна дизель отыны және қосымша 20,5 тонна резервтік жанармай дайын тұр.
Таразда орталықтандырылған жылу жүйесіне 1 394 нысан қосылған, соның 1 161-і – көпқабатты тұрғын үйлер. Қазіргі таңда мамандар тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау барысында жүйелі тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Анықталған кемшіліктер бойынша тұрғындарға нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру барысында 52 көпқабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталған.
Қала аумағында жалпы ұзындығы 278 шақырымды құрайтын магистральдік және орамішілік жылу желілері бар. Оның 229 шақырымына «Таразтрансэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қызмет көрсетеді. Бұл желілердің 67,8 пайызы тозған.
Осы жағдайды ескере отырып, екі жыл бұрын Сыпатай батыр, Төле би және Қаратай Тұрысов көшелері арқылы өтетін «М-1» магистральдық жылу желісін жаңғырту жобасы әзірленген болатын. 2024 жылы бұл жобаға қаржыландыру беріліп, Сыпатай батыр көшесі мен Жамбыл даңғылы аралығындағы 4,6 шақырым желі жаңартылды. Қазіргі уақытта осы желінің тағы 1,5 шақырымы жөнделіп жатыр. Бұл учаске Жамбыл даңғылы мен Қаратай Тұрысов көшесінің қиылысынан басталып, Төле би даңғылы бойымен жалғасады. Осылайша, жалпы ұзындығы 6,1 шақырымды құрайтын желі жаңартылуы тиіс.
2025 жылға «М-3» магистральдық желісінің 650 метрін жаңарту жоспарланып отыр. Бұл жөндеу жұмыстары Төле би – Жамбыл қиылысынан Сейфуллин – Қонаев көшесіне және Айтеке би көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Бұдан бөлек, соңғы жылдары жылу тапшылығына жиі ұшыраған «Ұлы дала» шағын ауданында магистральдық және орамішілік инженерлік жылу желілерін кеңейту жобасы жүзеге асырылуда.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, 2024–2029 жылдарға арналған жылу жүйелерін жаңарту бағдарламасы аясында тозығы жеткен, пайдалану мерзімі 25 жылдан асып кеткен желілерді ауыстыру бойынша республикалық бюджетке 14 жоба ұсынылған. Энергетика министрлігіне тиісті өтінім жолданып, қаржыландыру күтілуде. Жобалар іске асқан жағдайда Тараз қаласындағы жылу желілерінің тозу деңгейі 51%-ға дейін төмендеп, апаттық жағдайлардың алдын алуға, энергия шығынын азайтуға және тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
– Жылыту маусымының басталуына екі айдан астам уақыт қалды. Дегенмен кейбір жылу жеткізуші мекемелер тарапынан дайындық жұмыстары баяу жүргізілуде. Әсіресе, әлеуметтік және білім беру мекемелерінің жылуға дайындығы басты назарда болуы тиіс. Сонымен қатар «М-1» және «М-3» желілеріндегі жөндеу жұмыстары бірінші қыркүйекке дейін толық аяқталуы қажет. Сондықтан бұл бағыттағы шараларды барынша жеделдету керек, – деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан ОРЫНБЕКОВ.
Автор: Галина СКРИПНИК
Аударған: Айзада АГИЛЬБАЕВА

No responses yet