*Тұрғын-үй құрылысы

Таразда жаңа ықшам аудандар қанат жайып келеді

Облыс орталығында кезекті және өте ауқымды 16-шы ықшам ауданның құрылысы жүргізілуде.

Тәуелсіздік жылдары Тараз қаласының батыс шетіндегі бос жерлерде «Астана» (12-ші) және «Бәйтерек» (13-ші) деп аталатын шағын аудандар пайда болды. 14-ші шағын ауданның жұмыс макеті 2017 жылы таныстырылды. Бұл шағын аудан Батыс Еуропа — Батыс Қытай тас жолы бойындағы облыс орталығына солтүстік кіре беріс жағында салынуда. Облыс орталығының батысында орналасқан «Ұлы дала» 15-ші шағын ауданында дүкендер, дәмханалар, спорт нысандары мен басқа да мекемелердің құрылысы жоспарланған. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 15-ші шағын ауданда 280 көппәтерлі және 922 жеке тұрғын үй салу жоспары бар.

Жаңа 16-шы шағын ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, инфрақұрылым кезең-кезеңмен іске қосылуда. Тұрғын үй алабының жалпы ауданы 388,3 гектарды құрайды.

16-шы шағын аудан Асқаров көшесінің соңында, Орталық базардың жанында орналасқан. Жоба бойынша мұнда 82 көппәтерлі үй мен 351 жеке меншік үй, емхана, перинаталдық орталық, жұқпалы аурулар ауруханасы, мешіт, екі мектеп, үш балабақша, сондай-ақ өрт сөндіру бөлімі, әкімшілік ғимарат, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Мәдениет үйі салынады. Мұнда Халыққа қызмет көрсету орталығы бой көтеріп, саябақ та пайда болады.

2024 жылы қазір орасан зор құрылыс алаңына айналған «Ұлы дала» 15-ші шағын ауданында 34 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жыл соңына дейін 27 үйдің құрылысы аяқталса, қалған 7 тұрғын үй 2025 жылға көшірілді.

Салынып жатқан Тараз шағын аудандары қала халқының өсуі мен көлік ағынының ұлғаюы проблемаларын шешуге ықпал етіп, тұрғын үйге қажеттілікті төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Баспанаға кезекте тұрғандар санын қалай азайтуға болады?

2024 жылы Қазақстанда тұрғын үй заңнамасын реформалау туралы заңға қол қойылды. Бұл заң азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Реформа кезекте тұрғандарға тұрғын үй бөлу процесінің ашықтығын арттыру мақсатында жүргізілді.

Жамбыл облысында 2024 жылы тұрғын үй құрылысына және пәтерлерді сатып алуға 2023 жылға қарағанда екі есе көп бюджет қаражаты бөлінді. Яғни, 2023 жылы бұл мақсатқа 23,2 млрд. теңге, 2024 жылы — 40,8 млрд. теңге бағытталды. Бұл ретте әлеуметтік осал санаттағы мұқтаж азаматтар мен көп балалы отбасылар үшін жалпы құны 23,2 млрд. теңге болатын 1 671 пәтер сатып алынды. Құрылыс және сатып алу есебінен 1 038 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді, оның ішінде 926 — әлеуметтік осал санатқа жататын азаматтар.

Сонымен қатар, 2024 жылы «Әулиеата жастары» жобасы аясында 140 жас отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 1 млрд. теңге бөлінді.

Ағымдағы 2025 жылы 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, бұл өткен жылғы көрсеткіштен жоғары. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 361 пәтер сатып алу жоспарланып отыр.

«Әулиеата жастары» бағдарламасы бойынша 2025 жылы 150 жас маман баспанамен қамтылады. Бағдарламаға Жамбыл облысында тұратын 35 жасқа дейінгі барлық азаматтар қатыса алады.

Тараз қаласында коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 22 мыңнан астам азамат тіркелген. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін 2023 жылы 3 279 пәтерлік 62 үй салынып, 12 үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде 754 отбасы тұрғын үй алды.

2024 жылы 2 522 пәтерлік 50 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды (240 пәтерлік 4 жалға берілетін тұрғын үй, 2 282 пәтерлік 46 несиелік үй). Оның ішінде 34 тұрғын үй 15-ші шағын ауданда, 16 тұрғын үй 16-шы шағын ауданда орналасқан.

Тараз қалалық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 22 мыңнан астам азамат тұр. «2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы» аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына 669 пәтер сатып алу үшін 9,9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 162 пәтерге 2,2 млрд теңге, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен 507 пәтерге 7,7 млрд теңге бөлінді.

Бұдан бөлек, 14-ші шағын ауданда 5,2 млрд теңге сомаға 22 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталып, конкурс жарияланды. 16-шы шағын ауданда Асқаров көшесінің соңында 66 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. 

Жеке тұрғын үй құрылысына келетін болсақ, 19 жыл ішінде, 2005-2024 жылдар аралығында Таразда тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алу кезегінде 127 554 азамат тіркелген. 2024 жылы Құмшағал-Қарасу алқабының жерінен 1 497 жер учаскесі берілді. Қазір жеке тұрғын үй құрылысына кезекте тұрған азаматтарға жер телімдерін беру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Categories:

Tags:

No responses yet